Ұлттық ұланның саны мен сапасы нығайтылады
Террорлық шабуылдарға тойтарыс беру үшін әскери күш құрылымдарының саны мен сапасын жақсарту керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз полицияның сервистік моделін құру, қылмыстық процесті жаңғырту ісінде едәуір ілгеріледік. Жаппай террорлық шабуылдарға қарсы тұруға дайын болу керек. Дереу жауынгерлік дағдыларды дамытуға, қорғаныс пен шабуылдың тиімді құралдарымен жабдықтауға кірісу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ұлттық ұлан сапындағы жауынгерлердің санын арттырып, әскери бөлімшелердің материалдық базасын нығайту керектігін мәлімдеді.
«Ұлттық ұланның саны мен сапасы жағын нығайту керек. Өңірлерде оның жаңа бөлімшелерін қалыптастыру және жұмыс істеп тұрғандарын күшейту қажет болады. Көлік және материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелерін шешу. ІІМ мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің санын ұлғайту, жауынгерлік әзірлік деңгейін арттыру, қажетті арнайы көлік құралдарымен толық жарақтандыру, барлық күштік органдардың арнайы бөлімшелері қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту қажет», - деді Мемлекет басшысы.