Қылмыскерлерді қолға түсіру кезінде 30 бірлік қару тәркіленді
Шекара қызметінің аумақтық бөлімшелері терроризмге қарсы операциялар басталғалы дербес, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлескен топтар құрамында қоғамға қарсы акцияларға қатысу күдігі бойынша 366 адамды құрықтады, олардың алтауы қарсылық көрсету кезінде жарақат алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Қылмыскерлерді қолға түсіру кезінде: 30 бірлік қару (тегіс ұңғылы – 22, карабиндер – 3, пистолеттер – 5), 245 бірлік оқ-дәрі, 2 бірлік суық қару; 8 радиостанция, 4 бронежилет тәркіленді.
Ұсталғандардан 200-ден астам ұялы телефон, цифрлы техника (планшеттер, ноутбуктер), халық тұтынатын тауарлар (15 қорап парфюмерия, 267 бөтелке спирттік ішімдіктер) және қомақты қаржы сомасы тәркіленді», - делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ, күдіктілер тізгіндеген 29 автокөлік, діни әдебиеттер мен заңсыз митингтерді ұйымдастыру тәртібі бойынша әдістемелік құралдар алынды.
Шекара қызметінің бөлімшелері тұрақты жауынгерлік әзірлікте, шекара күзеті күшейтілген режимде жүзеге асырылуда.