Мал ұрлаған адам енді 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қазақстанда мал ұрлағандарға жаза күшейді, себебі қылмыстық кодекске мал ұрлығы бойынша арнайы бап енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Былтыр Қазақстанда мал ұрлығына қатысты 4700-ден астам қылмыс тіркелген. Тізімде Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр.
«Мал ұрлығы және тонау, қарақшылық қылмыстары бойынша «тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік мекемеге, қоймаға, көлікке заңсыз кіру» жағдайы қылмыстың ауыр санатына ауыстырылды. Бұдан бөлек енді мал ұрлағандар мен малынан айырылғандар ымыраға келе алмайды. Тиым салынды. Қылмыстық кодекстің 68-ші бабына түзету енгізілген», - дейді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов.
Оның айтуынша, мал ұрлаған адам 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, қылмыстық топ 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.