Елорда полицейлері аулалар мен пәтерлерді аралауды бастады

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтандағы жағдай тұрақты

Фото ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері шаһар бойынша аулалар мен пәтерлерді аралауды бастады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан коменданты, Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елорданың коменданты қала тұрғындарына үндеуінде бас шаһардағы жағдайдың тұрақты екенін айтты. 

"Қала толық бақылауда. Блокбекеттер жұмыс істеп тұр. Қоғамдық тәртіп бұзғандарды анықтау мақсатында арнайы жедел-профилактикалық іс-шаралар, оның ішінде аулалар мен пәтерлерді аралау жүріп жатыр. Тұрғындарды түсінікпен қарап, қолғабыс етуге шақырамыз. Күдікті адамдар туралы ақпарат білсеңіз, хабарлаңыз", - деді Ержан Сәденов.

Полиция департаментінің басшысы Нұр-Сұлтанда коменданттық сағат әлі де жалғасып жатқанын еске салды.