ТЖМ: Елдегі өрт сөндіру бөлімшелеріне 33 рет шабуыл жасалған

Автор: Azattyq Rýhy

Тәртіпсіздіктерге қатысушылар өрт сөндірушілерге тас лақтырып, оқ жаудырды

Фото ашық дереккөзден

Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде өрт сөндіру бөлімшелеріне 33 рет шабуыл жасалған. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрлік ұсынған мәліметте: «Еліміздің кейбір аймақтарында болған тәртіпсіздіктер барысында адамдардың өмірі мен мүлкін оттан құтқаруға міндетті өрт сөндіру қызметінің қарусыз бөлімшелеріне жалпыадамзаттық құндылықтар мен мораль нормаларын бұза отырып, шабуыл жасалды. Бүкіл әлемде, тіпті әскери қақтығыстар кезінде де құтқарушы, дәрігер сияқты мамандық иелері өз қызметін қақтығысушы тараптардың қорғауымен жүзеге асырады. Өрт сөндіру автокөліктеріне шабуыл жасалған 33 жағдай тіркелді. Тәртіпсіздіктерге қатысушылар өрт сөндірушілерге тас лақтырып, оқ жаудырды, көліктердің жолын жауып тастады», - делінген.

Соған қарамастан, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар кәсіби міндеттерін барынша мүлтіксіз орындауға тырысқан.

«Қызметтік міндеттерін орындау кезінде Төтенше жағдайлар министрлігінің 10 қызметкері әртүрлі жарақат алды, арасында оқ тигендері де бар. Шабуылдардың кесірінен 29 өрт және құтқару техникасы зақымданды. Оның ішінде 5 автоцистерна түгел жанып кетті. Туындаған қауіп-қатерге қарамастан, 75 өрт сөндіріліп, 143 адам қауіпті аймақтардан құтқарылып, эвакуацияланды. Өңірлердің бәрінде ТЖМ кезекші қызметтері үздіксіз жұмыс істеп, өрт туралы хабарламаларды қабылдап отырды. Өрт сөндірушілер келіп түскен шақыртуларға тиісті тәртіп бойынша шығып отырды», - деп жазылған министрліктің хабарламасында.