Биыл көптен бері кезекте тұрған 218 ерлі-зайыпты ЭКҰ-дан өтуге жіберілді
Жыл басында Солтүстік Қазақстанда көптен бері бала сүю бақытын армандап жүрген 218 жұп «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алған болатын. Экстра корпоралды ұрықтандыру нәтижесінде 91 ерлі-зайыпты сәбилі болмақ. Бұл жалпы көрсеткіштің 42 пайызын құрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Өңірде «Аңсаған сәби» бағдарламасының нәтижесінде көптен бала күтіп жүрген 91 ерлі-зайыпты нәрестелі болмақ. Бұл туралы әкімдікте өткен жиында вирусқа қарсы қауіпсіздік орталығының басшысы Қаныш Бижанов айтты.
Биыл өңірде перинаталдық орталық жанынан генетикалық зертхана ашылды. Маманның айтуынша, бұл жүкті әйелдердің құрсағындағы шарананың туа бітті генетикалық ауытқуын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін жылына орта есеппен 300-ден астам жүкті әйел осындай тексеруден өту үшін республиканың басқа өңірлеріне баруына тура келетін. Ал зерттеулер ақылы жасалатын. Орталық ашылған 4 айдың ішінде 50-ден астам болашақ ана тегін тексеріліп, 8 жағдайда генетикалық аурулар анықталды.
«Бұл – еліміздің солтүстігінде ашылған алғашқы зертхана. Диагностикалық қызметті ешқайда бармай-ақ алу әйелдердің және олардың балаларының денсаулығын сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ биыл балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Бұрын елордада немесе шетелде мамандардың көмегіне жүгінген 150 бала ем-дом алды», - дейді Қаныш Бижанов.
Солтүстік Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы сұранысқа ие. Биыл көптен бері кезекте тұрған 218 ерлі-зайыпты ЭКҰ-дан өтуге жіберілді. Олардың 91-і жақында көптен күткен сәбиін бауырына баспақ. Яғни, бағдарламаға қатысқан жұптардың 41,7 %-ы сәби сүйеді. Мамандардың айтуынша жасанды ұрықтандыру жолымен дүниеге келген сәбилер арасында туа бітті кемістік тіркелмеген.