Нұрсерік Шәріпов ҚР Жоғарғы Сотының судьясы қызметіне сайланды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол бүгінге дейін Қарағанды облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды

Бүгін Парламенттің жоғары палатасының жалпы отырысында Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті ҚР Жоғарғы Сотының судьясы қызметіне Нұрсерік Шәріповті сайлауды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Комитет Қазақстан Республикасы Президентінің Нұрсерік Шәріповті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметіне сайлау туралы ұсынуын қарап, оны конкурстан тыс тәртіппен сайлауды ұсынды.

«Қазақстан Республикасы Конституциясы 55-бабының 1) тармақшасына, 82-бабының 1-тармағына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 31-бабының 1-тармағына сәйкес және Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 27 желтоқсандағы ұсынуының негізінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына Нұрсерік Кәрімұлы Шәріповті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметіне сайлауды ұсынады», - деді комитет Төрағасы Владимир Волков.

Сенаторлар бүгінге дейін Қарағанды облыстық сотының төрағасы қызметін атқарып келген Нұрсерік Шәріповтің кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Бұдан кейін Жоғарғы Сот судьясының қызметіне сайланған Шәріпов сенат залының мінберінде ант берді.

 

  • Нұрсерік Кәрімұлы Шәріпов, 1965 жылы туған, жоғары заңгерлік білімі бар.
  • 1990 – 1992 жылдар аралығында – Қазақ мемлекеттік университеті әкімшілік құқық кафедрасының ассистенті.
  • 1992 жылы – Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты азаматтық және рақымшылық жасау жөніндегі бөлімінің аға референті.
  • 1995 жылы Алматы қаласы Фрунзе аудандық халық сотының судьясы, 1996 жылы Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы болып тағайындалды.
  • 2007 жылы – Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы.
  • 2008 – 2010 жылдар аралығында – Маңғыстау облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы.
  • 2010 жылы – Маңғыстау облыстық соты апелляциялық сот алқасының төрағасы.
  • 2012 жылы – Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы.
  • 2017 жылы – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) басшысы.