Ресей еңбек мигранттарынан бас тартуға ниетті

Автор: Azattyq Rýhy

Алайда пандемияның салдарынан елде жұмыс күші жетіспей жатыр

Фото ашық дереккөзден

Ресей келесі жылдан бастап миграция тәртібін күшейтеді. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің тұрғындары Ресейге келгеннен кейін бір ай мерзімде есірткі құмарлығы және ВИЧ, туберкулез, мерез секілді жұқпалы ауруларға тексеру нәтижелерін тапсыруы тиіс, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Билік еңбек мигранттарынан бас тартуға ниетті. Алайда пандемияның салдарынан елде жұмыс күші жетіспейді. Құрылыс министрлігінің мәліметінше, тек Мәскеуде үш миллион жұмысшы қажет.

Мәскеудегі құрылыс компаниялары бірнеше жыл бойы жұмысшылар жетіспей жүргенін айтып келеді. Пандемия кесірінен кетіп қалған мигранттар оралуға асықпай отыр. Еңбек қолы тапшылығының салдарынан жұмысшылар бұрынғыдан екі есе асатын жалақы талап ететін болды.

Ал енді Мәскеу билігі шетелдік жұмысшыларды қолданбауға мүмкіндік беретін жоспарды дайындауды ұйғарды. Бұған қоса құрылыс жылдамдығын екі есе арттыруды көздеп отыр. Шенеуніктер бұған еңбекті автоматтандыру мен жаңа технологиялық шешімдердің арқасында жетуге үмітті.

Экономистердің пікірінше, бұл жоспарды жүзеге асыру үшін 5-10 жыл қажет. Ал қазір құрылыс министрлігі Мәскеуге үш миллион құрылысшы жетіспей жүргенін мәлімдеді. Егер пандемия басталғанда үкімет Ресейге еңбек мигранттарын тарту маңыздылығын айтса, біртіндеп бұл ұстанымы өзгерді. Құқық қорғау органдары ретсіз миграция кесірінен қылмыстың деңгейі өскенін алға тартады.

Билік басындағы экономистер арзан еңбек қолының тапшылығына алаңдаса, құқық қорғау орындары этникалық анклавтар құрылу қаупін алға тартып, миграцияны қатаң бақылау керек дейді.

Дегенмен, Ресей миграциялық ережелерді күшейтуді шешті. Ішкі істер министрлігі елге 90 тәуліктен асатын мерзімге келетін шетелдіктерден қолтаңба алуды ұсынды. Тергеу комитеті геномдық тіркеуді, яғни ДНК үлгілерін алуды қолдаған. Қазіргі кезде одан тек аса ауыр қылмыс жасаған адамдар өтіп жүр. Жаңа ережелер бойынша шетелдіктер мерез, ВИЧ және алапес секілді қауіпті инфекцияларға тестілеу нәтижелерін өткізуі тиіс. Сараптамадан жыл сайын өту керек, ауру анықталса, елден шығаруы мүмкін.