БҚО-да жыл басынан бері 107 көлік отқа оранды

Автор: Azattyq Rýhy

Мамандар бұған көлік иелерінің салғырттығы себеп болып отыр дейді

Фото ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысында   көлік өрті көбейген. Жыл басынан бері 107 жүргізуші аяқ астынан тұтанған тілсіз жаудың кесірінен темір тұлпарынан айрылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасай отырып.

Мамандар бұл жағдайға көлік иелерінің өздерін кінәлайды. Оқыс оқиғаға жүргізушілердің салғырттығы себеп дейді. Әсіресе қатты аязда   қауіп күшейе түсетін көрінеді. Қыздырылып тұрған техниканың жұмысында ақау пайда болып, қозғалтқышы істен шығуы мүмкін. Мысалы, сақылдаған сары аязымен оралдықтарды әбіржіткен соңғы аптаның ішінде үш мәшине кенеттен өртеніп, жарамсыз болған.

 «Көп жағдайда автокөліктердегі өрт оқиғасы тұрғындардың өздерінің қауіпсіздік шараларын сақтамау салдарынан болады. Ол дегеніміз ескірген сымдарды пайдалану және қысқа тұйықталу салдарынан және паяльник секілді ашық отты пайдаланып, ол көп жағдайда майға тиіп, соның салдарынан өрт шығып жатады», - дейді БҚО ТЖД аға инженері Әнес Сағдат.