Бұл індеттің қауіпті кезеңінен аман өтуге мүмкіндік береді
Мемлекет басшылары коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналардың таралу қарқынын жеделдетіп, халықтың көп бөлігі екпе жасап жатқанына көз жеткізуі керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адан Гебрейюс осындай пікір білдірді. Оның мәлімдемесі брифинг кезінде айтылды.
Ұйым басшысы 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін Жер тұрғындарының көп бөлігін, яғни кем дегенде 70 пайызын вакцинациялауға шақырды. Гебрейюс бұл COVID-19 пандемиясының қауіпті кезеңінен аман өтуге мүмкіндік береді деп отыр.
Сонымен қатар, ол бұған дейін омикрон штамының таралу жылдамдығына алаңдаушылық білдірген. Ол мутация коронавирустың басқа нұсқаларына қарағанда тез таралатынын және вакцинацияға қауіп төндіретінін атап өтті. Гебрейюс сонымен қатар омикрон штамынан қорғану үшін жаппай мерекелерді болдырмауға шақырды.