Есеп комитеті: Квазимемлекеттік секторда екі трлн теңге тиімсіз жұмсалған

Автор: Azattyq Rýhy

2020 жылы мемлекеттік аудит кезінде 570 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғаны анықталды

Фото ашық дереккөзден

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бір жарым жылға жуық уақыт ішінде жалпы көлемі 45 трлн теңгені қамтитын 88 квазимемлекеттік сектордағы мекемеге аудит жүргізілді, хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұл туралы Есеп комитетінің Төрайымы Наталья Годунованың қатысуымен өткен «Национальный интерес» бағдарламасында мәлім болды.

«Бұл бұрын-соңды болмаған ауқымды тексеріс. Аудит кезінде 86 млрд теңгеге бұзушылық анықталды. Одан бөлек 2 трлн теңгеден астам қаражат тиімсіз жұмсалған. Осымен тексеріс бітпейді. Алдағы уақытта жұмысты жалғастырамыз.

Мемлекеттік бюджетті игере алмау мәселесі дәл бүгінгі күні күн тәртібінде тұрған жоқ. Ресурстар 100 пайызда іске асып жатыр деп айта аламыз. Мұнда мәселе, қалай іске асып жатқандығында болып тұр. Қаражатты тиімді жұмсау мәселесіне келгенде Есеп комитетінің сұрағы жетерлік. Кеңес кезінде бұл олқылық ұшін «ұратын», - дейді Наталья Годунова.

Сұхбат барысында комитет басшысы 2020 жылы мемлекеттік аудит кезінде 570 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғанын айтты.

«Бұл соманың ішінде квазимемлекеттік сектордың қаражаты мен банктегі депозитте жатқан қаражатты қосып отырмыз. Мемлекеттен бөлініп, жай жатқан ақшаны біз «өлі ақша» санатына жатқызамыз. Бөлінген қаражат халықтың игілігіне жұмсалуы керек. Коронавирусқа қатысты Денсаулық сақтау және Қорғаныс министрлігіне тексеріс жүргізілді. Елдегі әскери госпитальдерді ауруханаға айналдырғаны белгілі. Осыған орай тексеріс жүргізу мақсатында өңірлерге бардық. Бұзушылықтар көп деп айта алмаймын. Біз көптеген бұзушылықтар орын алатын шығар деп күткен едік. Байқағанымыздай, тыныс алу аппараттары, медициналық құрылғылар, маска, өзге де материалдар сатып алуға бағаның шамадан тыс қымбат болғанын анықтадық. Жеткізушілер бағаны өз құнынан 1,5-9 есе аралығында көтеріп жіберген. Тіпті, термометрге дейін қымбатқа сатып алынған. Тексеріс нәтижесінде пандемияға бөлінген қаражаттың 40 пайызы (128 млрд теңге) мемлекеттік бюджетке қайтарылды», - дейді ол. 

Оның айтуынша, Үкімет Есеп комитеті бекіткен қаржылық бұзшылықтарға қатысты ескертпелерінің 70 пайызын орындайды екен.