Қылмыскер әлі табылған жоқ
Петропавлда 73 жастағы зейнеткердің 19 млн теңгесін белгісіз біреу ұрлап кетті. Алайда полицейлер ұрыны әлі күнге дейін тапқан жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Петропавлск.news-ке сілтеме жасап.
Кейуананы тонап кеткен туралы ақпарат тұрғындар арасында 21 желтоқсан күні тараған. Алайда полиция департаменті ұрыны іздеп жатқанын тек 23 желтоқсан күні растады.
«21 желтоқсан күні кешке полицияға Солнечный кентіндегі №5 үйдің жанында белгісіз қылмыскер 73 жастағы зейнеткердің ішінде 19 млн теңгесі бар сөмкесін алып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Аталған факті ҚР ҚК 191-бабы 2-тармағының 4-бөлігі «Тонау» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. , - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, қазір күдіктіні анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары оқиға болған ауданның аулаларын аралап, жәбірленушінің қарым-қатынас жасаған ортасын пысықтауда.
Өкінішке қарай, әжей қылмыскердің түрін есіне түсіре алмаған, бірақ бойының шамамен 170 сантиметр болатынын айтқан.
Зейнеткердің мұндай қомақты ақшаны қайдан алғаны және неліктен оны сөмкесінде сақтап жүргені туралы ақпарат жоқ.