Конкурс бес жылдан бері ұйымдастырылып келеді
Алматыда «Еркін сөз» байқауының жеңімпаздары анықталды. Қаржы тақырыбында материал жазған үздік журналистер қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды. Құрылғанына 7 жыл толған Түркітілдес журналистер қоры халықтың қаржылық сауатын көтеруге арналған тақырыптарда материал дайындаған журналистер арасында байқауды осымен 5 жыл қатарынан өткізді. Марапаттау шарасында коронавирустан қайтыс болған ардагер журналистердің атындағы арнайы сыйлықтар да табысталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Биылғы жылдың ерекшелігі: мәңгілік мекенге ерте аттанған әріптес аға-әпкелеріміздің атындағы арнайы сыйлықтардың тағайындалуы. Қазақ журналистикасының дамуына орасан зор үлес қосқан журналистер туралы арнайы бейнематериал дайындадық. Сондай ақ, 8 журналиске Аманхан Әлім, Қуандық Шамахайұлы, Жолдасбек Дуанабай, Бақытгүл Мәкімбай, Бейсен Құранбек, Амангелді Сейітхан, Айнұр Сыдықова, Сәкен Орынбасарұлы атындағы арнайы сыйлықтар табыстадық. Байқауды Түркітілдес журналистер қоры Halyk Bankтің қолдауымен өткізді», - деді Қордың Президенті Нәзия Жоямергенқызы.
«Еркін сөз-2021» байқауында «Үздік мақала», «Сайттағы үздік мақала», «Үздік телесюжет» номинациялары бойынша 11 жүлдегер болды. Әр аталым бойынша тағайындалатын Бас жүлде – 500 000 теңге.
Конкурс жеңімпаздары:
Түркітілдес журналистер қоры – 2014 жылы құрылған. Мақсаты – түркі әлемі мен қазақстандық журналистер арасындағы кәсіби бірлігі мен білігін арттыру, ортақ жобалар жасау. Отандық және шетелдік мамандардың қатысуымен журналистерге арналған семинар-тренингтер, вебинарлар, форумдар, шеберлік сабақтары, конференциялар, байқаулар ұйымдастыру.