Осы мақсатта облыс бюджетінен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген
Павлодар облысындағы барлық мектептердің 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылды. Тегін тамақпен қамтылған оқушылардың жалпы саны 50 мыңнан астам.
Өткен жылдың күзінде Павлодар облысының әкімі өңір мектептерінің қамқоршылық кеңесі өкілдерімен кездесіп, 2020 жылдан бастап өңірдің бастауыш сыныптарында оқитын балалар тегін тамақпен қамтылатынын айтты. Осы мақсатқа облыс бюджетінен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Сонымен қатар, қаржыландыру жаппай оқыту қоры, аудандық бюджеттер және демеушілер қаражаты есебінен жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазіргі кезде облыстағы барлық мектептер бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ ұйымдастыруды бастады», - дейді Павлодар облысы білім беру басқармасының бас маманының міндетін атқарушы Абаева Айнагүл.
Облыс басшысы Болат Бақауов қараша айында өткен брифингте елордалық журналистерге «2020 жылдан бастап әкімдік мектептегі бастауыш сынып оқушыларына түгелдей ыстық тамақ береміз деп жоспарлап отыр. Сондай-ақ тегін тамақпен бірге 5 грамм бал қосып береміз» деген еді.
Бұл қолдау әлеуметтік мәртебесіне қарамастан барлық бастауыш сынып оқушыларына арналған. Ас мәзірі бойынша оқушыларға бірінші, екінші тағамдар, нан және сусын, 5 грамм бал беріледі. Аудандық жерлерде аптасына бір рет салаттар мен жемістер беріледі.
«Әр балаға бюджеттен 300 теңге бөлінеді. Біздің мектепте бастауыш сыныптарда 842 оқушы білім алады», - дейді №25 мектептің қоғамдық тамақтану технологы әрі асхана меңгерушісі Бақыт Әбдірахманова.
Қазір Павлодар облысында 40 мыңнан астам оқушы облыстық бюджеттің есебінен тамақтанады. Сондай-ақ 500 оқушы шаруа қожалықтарының демеушілігінің арқасында тегін тамақпен қамтылады екен.