Биыл дүние жүзінде 3,3 млн адам коронавирустан қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінге дейін әлемде коронавирустық инфекцияның 271 963 258 расталған жағдайы тіркелген

Фото: ТАСС

Африка қазір коронавирус инфекциясының бесінші толқынымен күресіп жатыр, ал оған омикрон нұсқасы себеп болып отыр. Бұл туралы Женевада өткен брифингте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адан Гебрейюс мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Қазір омикрон дельта нұсқасына қарағанда тезірек таралатыны және COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған немесе емделген адамдардың қайта жұқтыруы мүмкін екені туралы дәйекті дәлелдер бар», - деп атап өтті Гебрейюс.

2021 жылдың басынан бері коронавирустан 3,3 млн-нан астам адам қайтыс болды, бұл 2020 жылғы АИТВ, безгек және туберкулез ауруларынан қайтыс болғандардың жалпы көрсеткішінен асады, деді ДДҰ басшысы.

«Биыл COVID-19-дан 3,3 миллионнан астам адам қайтыс болды. Бұл АИТВ, безгек және туберкулезден 2020 жылы тіркелген өлім-жітімнен де көп. COVID-19-дан қазір апта сайын 50 мыңға жуық адам көз жұмады», - деді Тедрос Адан Гебрейюс.

ДДСҰ мәліметіне сәйкес 17 желтоқсандағы жағдай бойынша әлемде коронавирустық инфекцияның 271 963 258 расталған жағдайы тіркелсе, 5 331 019 адам қайтыс болды.