Аталған жағдайдан соң Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағанбетов қайырымды жігітке қол ұшын беріп, мәселенің оң шешім табуына көмектесті
Ала жаздай Маңғыстауға шөп тасыған қандасымыз Құрмет Талапқазы университетте тегін оқитын болды. Қуаңшылыққа ұшырап, малы аштан қырылған аймаққа вагон-вагон шөп шауып, оны тасумен айналысқан Құрмет елге қайырымдылығымен, жігерлігімен танылған еді. Енді ол Оңтүстік Қазақстан университетінде тегін оқитын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазақстандағы барлық университеттердің ректорларына!
Кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мырза Құрметке «Жыл үздігі-2021» сыйлығын тапсырды. Желіде жазылған пікірлерден Құрметтің де өз проблемасы жетерлік екенін біліп, телефонмен хабарласып, өзімен сөйлестім. Ұяң жігіт екен, проблемасын айтқысы келмеп еді, мен тықақтап қоймадым. Қытайдың Алтай өлкесінде туып-өскен Құрмет 2016 жылы елге оралып, Шымкент қаласындағы оқу орындарының біріне түскен екен. Артынан «Силквей» (қазіргі «Орда») университетіне ауысып, оқып жүргенде аяғын қатты жарақаттап алып, оқуын жалғастыра алмай қалыпты. Сөйтіп жүргенде «Орда» университеті лиценцзиясынан айырылып, жабылып қалды. Өздеріңіз білесіздер, патриот адамдар жеке бастарын ойлай бермейді. Eлдің аштан қырылған малына шөп жинап жүріп, Құрмет құжатын өзге университетке тапсырып үлгермей қалады. Патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеткен Құрмет секілді азаматты еліміздегі кез-келген университет құшақ жая қарсы алады деп ойлаймын», - деп Өмір Шыныбекұлы үндеу тастаған еді.
Аталған жағдайдан соң Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағанбетов қайырымды жігітке қол ұшын беріп, мәселенің оң шешім табуына көмектесті.
«Білім және ғылым министрінің жоғары оқу орындары ректорларымен өткізген жиналысында Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басшылығына қала тұрғыны Құрмет Талапқазыға тегін оқу құқығын беру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Бүгін Құрмет Талапқазы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде тегін оқи алады деген шешім қабылданды», - деді ҚР БҒМ баспасөз ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.