Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары зейнет жасына толуына байланысты қызметінен кеткен
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды. Енді бұл қызметті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі комитетінің бұрынғы төрағасы Тимур Сұлтанғазиев атқарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ол жұмыспен қамтуды үйлестіру мен мемлекеттік бағдарламалар, денсаулық сақтау, еңбек инспекциясы саласына жетекшілік ететін болады.
Тимур Сұлтанғазиев 1982 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ ұлттық медицина университетін хирург-дәрігер мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ АҚШ-та Тюлэйн университетінде (Tulane University) денсаулық сақтау жүйесінің менеджері мамандығын алып шықты.
Еңбек жолын 2006 жылы астанадағы №1 қалыпты анатомия кафедрасының зертханашысы болып бастаған.
Бұған дейін жұмыспен қамтуды үйлестіру мен мемлекеттік бағдарламалар, денсаулық сақтау, еңбек инспекциясы саласына жетекшілік еткен облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев зейнет жасына толуына байланысты қызметінен кеткен болатын.