Есеп комиссиясындағы әріптестерімнен кешірім сұраймын – Атырау қаласының әкімі

Автор: Еркежан Айтказина

Атырауда 160 пәтер әлеуметтік баспананың екі жылдан астам берілмей тұрғаны туралы есеп комиссиясының ақпараты жарияланды

Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев есеп комитетінің Атырауда екі жылдан астам уақыттан бері әлеуметтік тұрғын үй пәтерлері берілмегені туралы ақпаратына түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Күні кеше Атырауда 160 пәтер әлеуметтік баспананың екі жылдан астам берілмей тұрғаны туралы есеп комиссиясының ақпараты жарияланды. Содан кейін қалалық әкімдік есеп комиссиясының бұл ақпаратын жоққа шығарды.

«Екі жыл бойы әлеуметтік пәтерлердің бөлінбегені туралы есеп комиссиясының мәлімдемесі комитеттің ревизорларына берген біздің сенімсіз ақпаратқа негізделген. Негізінде пәтерлер бұрын хабарлағанымыздай, аталған кезеңде 2019-2020 жылдары  Атырау қаласындағы үйлері апатты жағдайдағы тұрғындар мен «Разезд 496» және «Қарабатан» елді мекендерінен қоныс аударғандарға қайта бөлінді. Тағы да қайталап айтамын, есеп комиссиясының әлеуметтік пәтерлердің бөлінбеу туралы қорытындысы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі берген шындыққа жанаспайтын ақпаратына негізделген. Осыған байланысты есеп комиссиясындағы әріптестерімнен қалыптасқан жағдай үшін кешірім сұраймын. Мен жалған ақпарат бергені үшін кінәлі қалалық әкімдіктің лауазымды тұлғаларына қызметтік тексеру тағайындадым және кінәлілер жауапқа тартылады», - дейді қала әкімі ATPress.kz редакциясына берген сұхбатында.