Юрий Ильин Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері құтқарушыларға қауіп жоқ деп жалған ақпарат бергенін атап өтті
Тараз түбіндегі жарылыс кезінде әскери бөлімнің басшылығы өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға тротилден бөлек, жарылғыш заттар бар екенін айтпаған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі sputnik.kz-ке сілтеме жасай отырып.
«Өрт сөндірушілердің негізгі міндеті – өртті сөндіру және ары қарай таралуына жол бермеу. Бірақ өрт ошағына шығардың алдында барлау жасалып, нысан иесінен жарылыстың қаупі туралы ақпарат алынады. Дәл сол жерде нысан басшылығы да, қорғаныс министрлігінің басшылығы да тротилден басқа ештеңе жоқ деп мәлімдеген. Тротил жоғары температурада жанып кетеді, бірақ жарылмайды. Бұдан басқа ешқандай қауіп болмаған», - деді Ильин мәжілісте өткен үкімет сағатында.
Министрдің айтуынша, қажетті ақпарат алынғаннан кейін өрт сөндіру қызметінің Жамбыл облыстық горнизоны көрші тұрған қоймаларға су шашуға кіріскен.
«Бірақ тергеушілер қоймадағы тротилдің детонациясын анықтады. Содан жарылыс болған. Енді кінәлі адамдарды сот анықтайды. Ішкі істер министрлігі тергеу жүргізіп жатыр. Біздің қызметкерлеріміз де жарылыстың себебін анықтауға көмектесіп жүр», - деп атап өтті Ильин.
Осы орайда министр жарылыстар кезінде 17 адамның қайтыс болғанын еске салды. Олардың ішінде 10 адам төтенше жағдайлар қызметінің маманы болған. Ал із-түзсіз жоғалып кеткен қызметкер қорғаныс министрлігінде жұмыс істеген.
Еске салсақ, 26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт басталып, артынша оқ-дәрі жарылды. Кем дегенде 10 жарылыс болған.
Төтенше жағдайдан 17 адам қаза тапты. Бір адам хабар-ошарсыз кеткен еді. 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев әскери бөлімде қызмет еткен.