«Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы бір апта жүргізілді
Ақмола облысында екі жүзден астам кәмелетке толмаған бала полиция бөлімшелеріне жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Бұл «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасының бір аптадағы қорытындысы. Түнгі уақытта көшеде және көңіл көтеру орындарында жүрген, ішімдік ішкен, тағы басқа да заңбұзушылықтарға барған балалардың ата-анасы жауапқа тартылды. Балаларын бақылаусыз қалдырған онға тарта отбасы есепке алынды.
«Іс-шара барысында Көкшетау қаласының өзінде тоғыз жасөспірім мен бала тәрбиесіне бей-жай қараған он шақты отбасы арнайы есепке алынды. Жалпы облыс бойынша кәмелетке толмағандар жүреді деген 900-ден астам орын тексерілді. «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы балалардың қысқы демалысы біткенше жалғасады», - деді қалалық ювеналды полиция инспекторы Рүстем Шаймұратов.