Ауылға қоғамдық көліктің қатынамауына тас жолдың жоқтығы себеп екен
Ақтөбенің дәл іргесінде тұратын Бауырластар-3 елдімекенінің тұрғындары ауылдарына облыс пен қала әкімін шақырады. Әрине, қонаққа емес. Қоғамдық көліктен әбден тарыққан жұрт қалаға жету үшін күн сайын үш шақырым жерді жаяулатып жүретінімізді әкімдер өз көздерімен көрсін дейді. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро жаңалықтар қызметі хабарлады.
Халықты облыс орталығынан небәрі он бес шақырым жерде тұрады деу қиын. Өйткені жұрт мына тұрған Ақтөбеге жету үшін жаяу үш шақырым жер жүріп, тас жолға шығады. Онда да ашық жол емес, ағашы көп орманның ішінен өтеді. Трассаға жетіп, автобусты тағы жарты сағат күтеді немесе тоқтаған көлікке сыйғандарынша мініп кетеді.
Жүзге жуық отбасы тұратын бұл ауылға қоғамдық көлік мүлдем кірмейді. Бірақ үстімізден өтіп, көрші ауылдарға қатынайды дейді халық. Тұрғындар әкімдіктегілерден автобус мәселесін шешіп беруді бір емес бірнеше рет сұрағандарын, тіпті әкімнің де жеке қабылдауында болғандарын айтады.
Әкімдіктегілер бұл ауылдың мәселесін жақсы білетін болып шықты. Ауылға қоғамдық көліктің қатынамауына тас жолдың жоқтығы себеп екен. Ал ол жолдың қашан түсетіні тағы белгісіз.
«Тас жолдың болмауына байланысты ішіне кіру мүмкіндігі жоқ. Ол мәселені шешу бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындауға тапсырыс бердік. Құжаттар дайын болып, қаржы бөлінгеннен кейін жол салынады», – дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділбек Танкеев.
Бірақ жауаптылар жолдың сметалық жобасы қашан дайын болатынын да, қаражаттың қашан қаралатынын да білмейді.