Ресейде қыз зорлап 9 жыл бойы жасырынып жүрген шетелдік Павлодар облысында ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Екібастұз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото ашық дереккөзден

Ресейде қызды зорлап 9 жыл бойы жасырынып жүрген шетелдік Павлодар облысында ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысының жедел қызметкерлері Ресей Федерациясының полицейлері зорлық жасағаны үшін іздестіріп жатқан Қырғызстан Республикасының 28 жастағы азаматын анықтап, ұстады.

«2012 жылдың тамызында Забайкальск өлкесінің Чите қаласында жүргенде ол қала тұрғынын зорлады. Қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатқан кезде 19 жастағы жігіт сот төрелігінен жасырынып, 2012 жылдың желтоқсанынан бастап федералды іздеуде болды. Жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізу барысында іздестірілуші Шідерті кентінде анықталды. Онда ол шаруа қожалықтарының бірінде малшы болып жұмыс істеген. Өз әрекеттерінің заңсыздығын түсініп, жазадан қашқысы келген қылмыскер тұрғылықты жерін бірнеше рет өзгертті, еңбек қатынастарын рәсімдеместен жұмыс істеді. Іздестіріліп жатқан адам Екібастұз қаласының УҰИ-не қамалды», – деді Павлодар облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Жыл басынан бері құқық қорғау органдарының күшімен 98 қылмыскердің мекенжайы анықталды. Криминалдық полицияның сот төрелігі органдарынан жасырынған және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру бойынша жұмысы тұрақты негізде жүргізіледі және жалғастырылады.