19 қарашадағы құжаттар бойынша 250 адам 2 917 000 теңгеге түскі ас ішкен
Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы шетелдік меймандармен болған кездесуде түскі және кешкі асқа бюджет есебінен 3,3 млн теңге жұмсаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy Orda.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мұндай деректер тендер бойынша орындалған жұмыс актілерінде көрсетілген.
Іскерлік миссия аясында қазақстандық шенеуніктер Татарстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдерімен іскерлік кездесу мен кешкі ас өткізген екен.
Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша өзара ынтымақтастықты талқылау мақсатында Шымкентте Польшадан келген Selena Group өкілдерімен іскерлік кездесу және түскі ас ұйымдастырылған. Маңызды кездесуге Польшаның Қазақстандағы Бас консулы Виолетта Собераньска келгені белгілі болды.
19 қарашадағы құжаттар бойынша 250 адам 2 917 000 теңгеге түскі ас ішкен. Ал 26 қазан күнгі құжатта кешкі асқа 8 адам қатысып, 93 344 теңге жұмсалған. Сондай-ақ, тағы бір құжатты 25 адам келген түскі асқа 291 700 теңге бөлінгені көрсетілген.
11 қыркүйектегі құжатта 7 адам 81 676 теңгеге тамақтанған, сонда адам басына 11 668 теңге кеткен.
5 млн-ға жасалған келісімшарттың жартысы, 3 383 720 теңгесі шенеуніктердің тамақтануына жұмсалған. Ал қалған ақша «ұйымның ынтымақтастықты орнату және қолдау жөніндегі келіссөздерге қатысатын басқа ұйымдардың өкілдерін қабылдауға, оларға қызмет көрсетуге арналған шығыстарға» кететіні белгілі болды.