Алматы облысында дүниеге келген үшемге кәсіпкер үй сыйлады

Автор: Azattyq Rýhy

Анасы «Алтын алқа» алқасымен наградталған

Бес бөлмелі баспананың кілтін кәсіпкер Тұңғыш Президент күні қарсаңында үшемдердің ата-анасына табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іле ауданының Ақши ауылындағы жаңа үйдің аумағы 120 шаршы метрді құрайды. Көпбалалы анаға тарту етілген баспана мектепке жақын жерден салынған. Дүниеге келген үшемге ата-анасы  Мәлика, Мәдина, Мүслима деген есімдер қойды. Оларға «Дәулет-Бекет» ЖШС басшысы Сыдық Әбуәлі қол ұшын созған. 

«Маймиевтер әулеті 7 баланы тәрбиелеп отыр. Ақмарал Жалғасқызы болса ҚР Президентінің жарлығына сәйкес мемлекеттік «Алтын алқа» алқасымен наградталған. Жанұядағы 4 бала Ақши ауылының №8 мектебінде білім алады. Айтулы шараға аудан әкімі Бағдат Қарасаев қатысып, Мәймиевтердің қуанышымен бөлісті», - деді Іле ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.