Тұңғыш Президент бейнеленген 20 мың теңгелік жаңа банкнот айналымға шығады
Банкнот Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнайы әзірленген
Қазақстан Ұлттық банкі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған номиналы 20 000 теңгелік мерейтойлық банкнотты айналымға шығарады. Банкнотта еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті бейнеленген.
Ұлттық банктің хабарлауынша, мерейтойлық банкноттың дизайны бірегей технология бойынша дайындалған.
«Банкноттың тігінен орналасқан және номиналдың голографикалық бейнесін, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған логотипті және Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың факсимилесін қамтыған металсыздандырылған жолақ әлемде алғаш рет қолданылды. Мерейтойлық банкноттың 27 қорғаныш элементі бар. Банкноттың дизайны айналыстағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде жасалған: бет жағы негізінен тік бейнелерді, сыртқы жағы көлденең бейнелерді қамтиды. Банкнот басым түс – сұр түсте орындалған. Банкнот көлемі 155х79мм», - деп атап өтеді банктен.