Марафоншылар Батыс Қазақстан облысына желтоқсанның 3-і келеді
12 спортшы «Нұр-Сұлтан – Орал» марафоны аясында Қазақстанның 6 қаласын араламақ. Олар сегіз күн ішінде 2021 шақырымды жүгіріп өтеді. Марафон ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ауқымды спорттық шараға қатысушылар еліміздің 6 қаласын басып, жүгіріп өтпек. Желаяқ Дулат Елеусізов Петропавл қаласының тумасы. Спортшының айтуынша, бұл іс-шара жастарды патриотизмге баулиды және салауатты өмір салтын насихаттауға шақырады.
«Бала кезімнен жеңіл атлетикамен айналысамын. Бұл мен қатысып отырған алғашқы марафон емес. Дегенмен қазіргі ауа райында жүгіру оңайға соғып жатқан жоқ. Соған қарамастан жолда кездескен қиындықтарды еңсеріп келеміз. Бәріміз бірге мақсатымызға жетеміз де ойлаймын», - дейді марафонға қатысушы Дулат Елеусізов.
8 күн ішінде марафоншылар Қазақстанның 6 қаласын – Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе және Орал қалаларын басып, жүгіріп өтпек. Спортшылар әр шаһарда аялдап, өңірдің спорт ардагерлері мен қала тұрғындарымен кездеседі.
«Біз Қазақстан туын алып жүрміз. Мақсатымыз – өңірлерді бір-бірімен осылайша байланыстыру. Егемендікке жетелеген бабаларымыздың есімін дәріптеу. Жерді сақтап қалған тұлғаларды жастар білуі шарт. Марафонға қатысушылардың барлығы елімізге белгілі спортшылар. Арамызда жасы үлкені 61-де болса, ең жасы 30-да», - дейді «Астана желаяғы» марафоншылар клубы» ҚБ төрағасы Талғат Ерғалиев.
Марафонға қатысушылар тобы тәжірбиелі спортшылардан құралған. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған спорттық шараның соңғы нүктесі – Орал қаласы болмақ. Өткен жексенбіде спортшыларды солтүстікқазақстандықтар Қостанай қаласына зор құрметпен шығарып салды. Марафоншылар Батыс Қазақстан облысына желтоқсанның 3-і келеді.