Ұлыбритания карантиндік шектеулерді күшейтті

Автор: Azattyq Rýhy

Оған коронавирустың жаңа штамы себеп болып отыр

Фото ашық дереккөзден

Коронавирустың жаңа штамына байланысты Ұлыбритания Үкіметі карантиндік шектеулерді күшейтті, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Бұдан былай қоғамдық орындарда маска тағу, ал жолаушыларға екпе алған немесе алмағанына қарамастан ПТР тест тапсыру міндеттеледі.

Ұлыбританияда ковидтің мутацияға ұшыраған жаңа түрімен екі адамның ауырып жатқаны белгілі болды. Науқастар оны Оңтүстік Африкаға барған сапарында жұқтырған. Омикрон штамы туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сәрсенбі күні хабарлағаннан кейін Ұлыбритания ауру ошағы анықталған мемлекеттермен әуе тасымалын шектеп тастады. Қазір қызыл тізімге енгізілген елдердің саны онға жетіп отыр. Бүгіннен бастап Оңтүстік Африкадан келген жолаушылардың барлығы карантиндік қонақүйде өз есебінен 10 күнге оқшаулануы керек.

 «Жаңа штамм пайда болғанда бастапқы кезеңде біз әдеттегідей көп нәрсе біле бермейміз. Бірақ біздің ғалымдар сағат сайын мәліметтерді толықтырып, зерттеп жатыр. Омикрон өте жылдам тарап, вакцинаның қос дозасын алған адамдарға да жұғатынға ұқсайды», – деді Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон.

Ертеңнен бастап Англияның дүкендері мен қоғамдық көліктерінде бетперде тағу міндеттелді. Ұлыбританияға шекара асып келген жолаушылар бұған дейін вакцинаның қос дозасын алса да, екінші күні ПТР тест тапсырып, оның нәтижесі белгілі болмағанша үйден шықпауы керек. Оған қоса бүгіннен бастап, ревакциналау науқанының қарқыны күшейтілетін болды.

Биліктегілер католиктер үшін маңызды саналатын биылғы Рождество мерекесі өткен жылғыға қарағанда «әлдеқайда жақсырақ өтеді» деп уәде берді. Шектеулердің барлығы уақытша және үш аптадан кейін қайта қаралады.

Айта кету керек, Ұлыбританияда ковидпен ауырғандардың орташа саны өсіп отыр. Күні кеше 40 мыңға жуық адамның індетті жұқтырғаны белгілі болды.