Елордада Жұмыспен қамту орталығы арқылы 11 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты

Автор: Azattyq Rýhy

Соның ішінде 6 784 азамат тұрақты жұмысқа орналысты

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы астаналық 18 175 азаматты қабылдады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Соның ішінде 10 936-сы жұмысқа орналастырылды, оның 6 784-і – тұрақты жұмыс. 

Электронды еңбек биржасы арқылы – 2 689 адам жұмыс тапқан, оның 1 509-ы – тұрақты жұмыс. Елордада еңбек нарығын реттеуге бағытталған жұмыспен қамтудың белсенді шаралары арқылы, яғни қоғамдық жұмыстарға – 2 799, жастар практикасына – 911, әлеуметтік жұмыс орындарына – 184 адам жұмысқа қабылданды. Бас қалада инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыратын «2020-2021 ж.ж. арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 258 адам жұмысқа тұрды.

2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының жүйелі түрде жүргізілуінің арқасында елімізде жұмыспен қамту аясының кеңейгені байқалады. Бірі жұмысқа тұрса, енді бірі жаңа кәсіп үйреніп, жеке бизнесін ашып жатыр.

Халықты жұмыспен қамту орталығы еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықты меңгергісі келетін жұмыссыз азаматтар үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды жүргізеді. Биыл 213 адам қысқамерзімді кәсіптік оқуларға жіберіліп, қайта даярлау курстарынан өтті.

Арнайы курстар аспаз, кондитер, тігінші, шаштараз, кассир-бақылаушы, наубайшы, тәрбиеші-көмекшісі, SММ маман бойынша ұйымдастырылды. Осылайша жұмыссыз азаматтар сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңа кәсіп үйренді.

2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 539 бизнес идея мақұлданып, грант берілді. Оның ішінде 211 грантты 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер алды. Грант жеңіп алғандар қатарында халықтың әлеуметтік осал топ өкілдері де бар. Мәселен, 74 көпбалалы отбасы мүшесі, мүмкіндігі шектеулі 11 адам және атаулы әлеуметтік көмек алатын 31 азамат грантқа ие болды.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту орталығы жұмыспен қамту аясын кеңейту үшін жұмыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Елордадағы Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеушілер үшін жұмыспен қамту аясын кеңейту мақсатында жұмыс берушілермен өзара байланыс орнатып, еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарын күнделікті жаңартып, әлеуметтік желілерде (@czn.astana , fb) жариялап отырады. Сондай-ақ, орталықтың ақпараттық серіктесі – «Аstana FM» радиосының тікелей эфирінде «Жұмыс бар», «Есть работа» айдарлары арқылы хабарланады.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары Жұмыспен қамту орталығының қызметін қашықтан пайдалана алады. Ол үшін «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталына (www.enbek.kz) тіркеліп, бос жұмыс орындарын таңдауы қажет немесе жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер тағайындау қызметтерін пайдалана алады.

Мұнан бөлек, жұмыс іздеушілер Халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, мамандардан кеңес алуына мүмкіндік бар немесе толық ақпарат алу үшін орталықтың Жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бөліміне хабарласып білуіне болады. Тел: 57-88-88, 57-86-95,8 777 116 82 76; 8 777 116 82 73.