Нұр-Сұлтанда полиция ауа райына байланысты жүргізушілерге үндеу жасады

Azattyq Rýhy

Полиция сол сияқты жаяу жүргіншілерге де аса мұқият болу керектігін ескертті

Фото: sputnik.kz

Нұр-Сұлтан қаласында Полиция департаменті ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушлерге арнап үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушыларына қолайсыз ауа-райына байланысты өте мұқият және сақ болуға шақырады.

Елордада қалың қар жауа бастағаннан арнайы техника көшелерді тазалаумен айналысады. Тазалау жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіледі. Көлік жүргізушілерін жолда абай болуға, жол бойына көлік қоймауға, қоғамдық көлік қозғалыстары мен қар жинайтын техниканың жұмысына кедергі келтірмеуге шақырады.

Жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін және қауіпсіз қашықтық шараларын қатаң сақтаңыз!» - делінген хабарламада.

Полиция сол сияқты жаяу жүргіншілерге де аса мұқият болу керектігін айрықша қозғап өтті.

«Боран мен көктайғақ жол қозғалысының барлық қатысушыларына үлкен қауіп төндіреді. Жүргізушілерге өз маршрутын алдын ала жоспарлауды, кенеттен орын ауыстырып, оқыстан тежегіш басудан аулақ болуды, қала сыртына жол жүруден бас тартуды кеңес етеміз.

Жаяу жүргіншілерге де аса мұқият болу қажет. Жолдан өткен кезде гаджеттерін ұстамай, құлаққаптарды шешіп, маңайында қатты жүріп келе жатқан көліктің жоқтығына көз жеткізу керек.

Қолайсыз ауа райында сақтық шаралары жол-көлік оқиғаларының санын едәуір азайтуға көмектеседі. Сондай-ақ, тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсететін компаниялардың өкілдері аулалардағы қарды уақытылы күреуді ұйымдастыруы қажет», - дейді Полиция департаменті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.