Жаңбыр да көмектеспейді: Аустралияда өрттен 500 миллион жануар қырылды

Автор: Azattyq Rýhy

Аустралиядағы өртті сөндіруге 3000 сарбаз жұмылдырылды

фотолар WildLife Planet сайтынан алынды

Аустралия мемлекетіндегі жаппай орман өртінен қаза тапқандардың саны 24 адамға жетті. Алты адам із-түссіз жоғалған. Өрттен қырылған жануарлардың саны 500 миллионнан асады.

Аустралияда бірнеше күннен бері жалғасып жатқан өрт жергілікті билікті қатты алаңдатып отыр. Себебі, өрт салдарынан Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында жүздеген үйге зақым келіп, тұрғындар басқа жаққа қашуға мәжбүр. Жергілікті билік аталған аумақта 150 орман өрті тіркелгенін хабарлады. Өрттің жалынын басуға жауған жаңбыр да көмектеспей жатқан көрінеді.

Осыдан екі күн бұрын Аустралия премьер-министрі Скотт Моррисон өртті сөндіру үшін төтенше жағдай қызмкеткерлерінен бөлек, 3000 сарбаз көмектесетінін айтты. Осылайша, ел тарихында бірінші рет әскерилер өрт сөндіруге араласып жатыр.

Негізі, Аустралия ормандарындағы өрт қыркүйек айынан бері жалғасып келеді. Алайда, соңғы күндердегі күшті жел өрт жалынын одан сайын өршітіп, Жаңа Оңтүстік Уэльс пен Квинсленд штаттарында төтенше жағдай жарияланып, адамдар жаппай эвакуацияланды.

Өрттің түтіні қазіргі уақытта Жаңа Зеландия аумағына дейін жеткен. Ал Аустралияның өз аспаны қызыл түске боялған.

2 қаңтар күні Жапонияның Himawari-8 метеорологиялық агенттігі өрт шыққан аумақты спутниктен таспаға түсірді. Жерден 35 мың километр биіктіктен түсірілген суреттен Аустралия жерінің қып-қызыл болып ерекшеленіп тұрғанын байқауға болады.

Орман өртінен жиі қырылып жатқан жануар – коала аюы. Қалталы аюлар ауыр қимылдайтындықтан кенгуру сияқты тілсіз жаудан қашып құтыла алмай жатыр. Оның үстіне, коала құрамында өсімдік майы бар эвкалит ағашының жапырағымен қоректенеді. Сол себепті өртенуіне де тез. Экологтартың мәліметінше, соңғы төрт ай ішінде Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының солтүстік жағалауында коалалардың үштен бірі жойылып кеткен. Ал олар (коала –авт.) өмір сүретін аумақтың 30%-ын өрт жалмаған. Тілсіз жаудың келтірген шығыны жайлы өрт толықтай сөндірілгеннен кейін айтылады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан