Тұрғындар малын жолға жайғандардың жазасын қатаңдатуды сұрайды

Автор: Azattyq Rýhy

Қала ішінде мал жайғандар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлеумен шектеледі

Фото ашық дереккөзден

Соңғы уақытта жол бойында жайылып жүрген төрт түліктің кесірінен орын алатын жол апаттары көбейіп кетті. Сондықтан елорда тұрғындары малын жолға жайған жандарды жауапқа тарту қажеттігін алға тартуда, деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Елорда іргесінде жеңіл көлік жылқы қағып, жол-көлік оқиғасынан екі адам зардап шекті. Қазір көліктегі жолаушы ауыр халде жатыр. Ал жүргізушінің қол-аяғы сынған. 

«Балам кешкі алты жарымда осы жерден өтіп бара жатқанында алдынан 3 жылқы жүгіріп шыққан. Көлікті аударып тастаған. Баламыз комада жатыр. Екінші баланың қолы сынған. Бұл жер құжат бойынша қалаға жатады. Мал ұстауға болмайтын жерлер ғой», – дейді қала тұрғыны Гүлнұр Бибалаева.

Қалада тұратын жылқы иесіне бірнеше рет ескерту жасалған. «Бірақ елейтін түрі жоқ» дейді тұрғындар. Осы жол-көлік оқиғасынан кейін де жылқысын жолға жаюды доғармаған.

«Жол апатына себеп болған жылқылардың иесін бірнеше рет жауапқа тартқанбыз. Бұл үшінші рет болып отырған жағдай. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ мал иесі заңды бұзып отыр. Себебі қалада мал жаюға тыйым салынады», – дейді қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Айтмағамбетов.

 Қала ішінде мал жайғандар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлеумен шектеледі. «Бұл мыңғырған мал ұстағандарға еш әсер етпейді» дейді жұрт.