Байланыс сапасы үшін операторларға 100 млн теңге айыппұл салынды
Байланыс операторларына айыппұлдар ҚР ӘҚБтК-нің 637-бабында көзделген
Қазақстандық операторларға байланыс сапасын тексеру қорытындысы бойынша 100 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомство жауабында айтылғандай, бұған дейін елімізде байланыс қызметінің әдістемесі мен сапасының көрсеткіштері бекітілген. Байланыс операторлары үшін интернет жылдамдығының ең төменгі талаптары белгіленді.
«Биыл (8 қарашадағы жағдай бойынша) министрлік байланыс операторларына қатысты 454 тексеру жүргізіп, 100,1 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Жүргізілген тексерулердің саны министрлікке келіп түскен хабарламалардың санына байланысты», - делінген хабарламада.
Министрлік сондай-ақ байланыс қызметін көрсететін ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін күшейту бойынша түзетулер дайындағанын қосты. Байланыс саласындағы сапа стандарттарына, техникалық нормаларға және байланыс қызметтерінің сапасы көрсеткіштеріне сәйкес келмейтін пайдаланушыларға байланыс қызметтерін көрсеткені үшін жасалған байланыс саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін айыппұлдың мөлшерін ұлғайту жоспарланып отыр.
Байланыс операторларына айыппұлдар ҚР ӘҚБтК-нің 637-бабында көзделген.