Бішкекте өкпесі қабынған балалар ауруханаға сыймай жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Ауруханаға 5 жасқа дейінгі балалар жатқызылады

Қырғызстанда ауруханада балаларға орын жетпей жатыр. Суық тиіп, өкпесі қабынған балалар саны екі есеге артқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қырғызстан астанасындағы ауруханалар ЖРВИ және тұмаумен ауыратын балаларға лық толы. Балалар ауруханалары мереке және демалыс күндеріне қарамастан қарбалас жағдайда жұмыс істеуге көшкен. Қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Ақылбек Мамановтың хабарлауынша, науқастар саны сәт сайын көбейіп жатыр.

«Демалыс күндеріне қарамастан аурухана әдеттегідей жұмыс істейді. Науқастар көп, бөлімшелер толып қалды. Сауыққандардың орнын қайтадан науқастар басады. Балалар ауруханасының бәрі қазір ЖРВИ және тұмауға қарсы арнайы жұмыс істеуде. Әрқайсысы 30 төсектік тағы үш бөлімше аштық. Жоспарланған кездесулер саны уақытша қысқартылды. Диагностикалық орталықта жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауыратын науқастарды да қабылдайды, мұнда 70-ке жуық бала ем қабылдауда. Балада жеңіл белгілер болса, тексеруден кейін оны амбулаторлық емдеуге жібереміз. Көбінде негізінен ауруы орташа және ауыр науқастар жатыр», - деді ол.

Ауруханаға 5 жасқа дейінгі балалар жатқызылады. «Ана мен баланы қорғау ұлттық орталығының» директоры Гүлзат Маймерованың хабарлауынша Москва және Тоголок молда көшелерінің қиылысында орналасқан орталықтың бөлімшесі науқас балаларға толық қалған.

«Бөлім 93 науқасқа есептелген, оның ішінде 7 реанимациялық төсек бар. Алайда, шын мәнінде, науқастардың саны төсек-орын санынан асып түседі. Мәселен, кеше бізде 171 науқас, оның ішінде ауыр дәрежелі бір жасқа дейінгі 132 бала бар. Көптеген балалар  маусымдық вирустан туындаған пневмониямен ауырып жатыр. Дәрігерлер аптасына жеті күн жұмыс істейді, өйткені науқастарды қабылдау жалғасуда», - деді орталықтың директоры.

Пневмониямен ауырған балалар саны артқандықтан Бішкектегі отбасылық медицина орталықтары да сенбі-жексенбі науқастарды қабылдайтын жұмыс режиміне көшкен.