Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері тағайындалды

Автор: Azattyq Rýhy

Құраманың бұрынғы бас жаттықтырушысы Бақыт Ахметов, аға жаттықтырушы Сергей Седов және басқалар жұмыстан шеттетілді
 

Талдықорғанда ҚР Мәдениет және спорт министрінің басшылығымен Қазақстанның жеке-командалық  чемпионаты аясында ҰОК Бас директоры Серік Қасқабасов пен федерацияның атқарушы директоры Алдияр Нұралиновтың қатысуымен Жаттықтырушылар кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отырыс барысында жаттықтырушылар Кеңесінің басым көпшілік дауысымен Дәурен Бекмұханбетов ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып сайланды.

«Танымал спортшы Альберт Линдердің қайтыс болуы және одан кейінгі спортшылардың, жаттықтырушылардың, сондай-ақ Альберт Линдердің туыстарының көптеген үндеулері мен өзге оқиғалар түбегейлі шаралар қабылдаудың шешуші себебі болғаны анық.

Министрдің араласуынан кейін жаттықтырушылар штабы тарапынан өрескел бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде құраманың бас жаттықтырушысы Бақыт Ахметов, аға жаттықтырушы Сергей Седов және басқалар жұмыстан шеттетілді», - делінген Мәдениет және спорт министрлігінің бапсасөз хабарламасында.

Министр жиынға федерация басшылығы өкілі ретінде қатысқан Алдияр Нұралиновке допингтік жанжалдардан кейін федерацияны сауықтыру бойынша атқарған орасан зор жұмысы және осы спорт түрін дамыту бойынша қолға алынған күш-жігері үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ А.Райымқұлова отырысқа қатысқан жаттықтырушыларға қазақстандық спорттың дамуына баға жетпес үлес қосқаны үшін ризашылығын білдірді.

Министр отырыс барысында спорттағы әділетсіздік туралы өтініштердің ұлғаюына және оларды растайтын фактілерді анықтауға байланысты еркін стильдегі танымал қазақстандық палуан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының (2000) күміс жүлдегері Ислам Байрамуковты спорт бойынша омбудсмен етіп тағайындау туралы шешім қабылдағандығын хабарлады.