Өзбекстанда аста-төк той жасауға заңмен тыйым салынды
Үйлену тойлары мен салтанатты шараларды өткізу туралы заң 1 қаңтардан бастап күшіне енді
Өзбекстанда үйлену тойын аса салтанатты, ысырабы мол етіп жасауға заңмен тыйым салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Былтыр қыркүйек айында бұл елде үйлену тойлары мен салтанатты шараларды өткізудің ережелері туралы қаулы қабылданған болатын. Енді ол құжат осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Қабылданған ережеге сәйкес, бұдан былай отбасылық шараларды тек сағат 06:00 мен 23:00 аралығында 1 күн ғана атап өтуге (жерлеу рәсімдерін қоспағанда) рұқсат етіледі.
Сentralasia.media басылымының жазуынша, енді үйлену тойларын өткізер алдында тұрғындар тұрғылықты жері бойынша азаматтардың өзін-өзі басқару органына кем дегенде 1 апта ертерек хабарлап айтуы тиіс екен.
Бұдан өзге, жерлеу рәсімінің («етти», «пайшанбалик», «якшанбалик», «йигирма», «қирқ», «ҳайит», «йил оши», «пул тарқатиш, «мато улашиш») және үйлену тойының («келин навкари», «чорлар», «ота кўрди», «сеп ёйди», «қуда чақирди», «куёв чақирди», «келин чақирди», «тоғора юбориш») сияқты қосымша шараларын өткізуге де тыйым салынды.
Құжатта барлық шаралардың түнгі сағат 23.00-ге дейін аяқталуы тиіс екені жазылған. Отбасылық шараларға 200 адамның, ал палау тарту рәсіміне 150 адамның қатысуына рұқсат етіледі. Екі той қатар жасалса, 250 адамға дейін ғана шақырылады, ал палау тарту рәсіміне 300 адам ғана қатыса алады.
Үйлену тойы кортежі үш жеңіл автокөлікпен шектелуі тиіс.
Құжатта айтылған талап-ережелердің сақталуын депутаттар, жергілікті махаллалардағы азаматтар кеңесінің төрағалары және ішкі істер органларының алдын алу инспекторлары қадағалайтын болады.