Қазір медицина саласында 7,5 мың маман жетіспейді
Биыл жыл басынан бері медицина және фармацевтика саласында 12 мыңнан астам бос жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
HeadHunter компаниясының деректеріне сәйкес, дәрігерлерге ашылған бос ваканциялар саны былтырғымен салысытырғанда биыл 50%-ға артық.
«Дәрігерлерге сұраныстың артуы пандемиямен тікелей байланысты екені түсінікті. 2020 жылы дәрігерлердің айлығы 195 мың теңге болса, ал 2021 жылдың қыркүйек айына дейін жалақы 215 мың теңгені құрады. Сөйтіп жалпы алғанда жалақы 10%-ға ғана өскені байқалады», - дейді HeadHunter компаниясы таратқан мәлімдемеде.
Белгілі болғандай, ең жоғары жалақыны тіс дәрігерлері (358 мың теңге) алады екен. Кіші және орта медицина қызметкерлерінің табысы – шамамен 155 мың теңге. Бос жұмыс орындарының көбі кіші және орта деңгейдегі медицина қызметкерлеріне арналған. Барлық бос орындардың 21%-ы осы санатқа тиесілі.
Күні кеше мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов те дәрігерлердің жағдайын жақсартуға назар аударып, мәселе көтерген болатын.
«Бүгінде медицина саласында 7,5 мың маман жетіспейді. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, дәрігер-зертханашы, инфекционист мамандарының тапшылығы сезіледі», ˗ дейді депутат.
Бұған қоса, елдегі дәрігерлердің жетіспеушілігіне кадрлардың шет елге кетуі де айтарлықтай ықпал еткен.
«Тек соңғы төрт жылдың ішінде Қазақстаннан 4,5 мыңнан астам медицина қызметкері шетелге кетті. Осы ретте, объективті түрде дәрігер әрқашан бәрін болжай алмайды. Қателер мен жазатайым оқиғалардың арақатынасын анықтау өте қиын, нақты критерийлер жоқ. Дәрігерлер саналы түрде немқұрайдылыққа жол берген және медициналық көмек көрсету кезінде қатерлерді елемеген жағдайда ғана қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс деп санаймын», – дейді депутат.
Еңбек ресурсын дамыту орталығының хабарлауынша, маусым айында электрондық алаңда денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін 30 мыңға жуық бос жұмыс орны тіркелді, ал түйіндемелер саны небәрі 561 бірлікті құрады. Айырмашылық 50 есе.
«Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты дәрігерлерге сұраныс артты. Медицина қызметкерлерінің тапшылығы өңірлерде де туындап отыр», - делінген орталық таратқан мәлімдемеде.
Маман тапшылығын шешу үшін 2017-2021 жылдарды қамтитын «Еңбек» бағдарламасы бар. Оның аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, халықаралық және қазақстандық білім беру алаңдарында тегін онлайн-оқыту қарастырылған.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, 2021 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңгені құрап, 2023 жылы 561 мыңға жетеді. 2021 жылы медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 173 мың теңгеге, 2023 жылы 210 мың теңгеге дейін артады. Оның ішінде 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге бюджетте тиісті шығыстар көзделген.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы