Рақымшылық жасалады: Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бір мың сотталушы бостандыққа шығады

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар

Фото ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігі «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң жобасын әзірледі. Бұл туралы ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаев Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Оның мақсаты – онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату, кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның мерзімін қысқарту.

«Рақымшылық – ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, сондай-ақ қоғамға  қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеу мен қамауда. 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45%-ы бірнеше рет оның алдында сотталғандар. Сонымен қатар 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр», - деді Тұрғымбаев.

Министр жоба бойынша 2 236 сотталушыға және 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалатынын айтып, нәтижесінде қанша адамның бостандыққа шығатынын жариялады.

«Біріншіден 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады. 3 818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Екіншіден, 1 294 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады. Барлығы – 8 786 адам. Үшншіден, сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, 1471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелерін қолданады», - деп нақтылады Ерлан Тұрғымбаев.

Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қарастырылмаған.