$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ауыл іші тым-тырыс: Пенжімнің төбелестен кейінгі жағдайы қалай?

Azattyq Rýhy редакциясы Пенжім кентіне барды

Ауыл іші тым-тырыс: Пенжімнің төбелестен кейінгі жағдайы қалай?
Фото: Әсет Құндақбаев

Кеше түнде мектеп оқушыларының жаппай төбелесі болған Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Пенжім кентінде қазіргі таңда жағдай тынышталған. Оқиға болған мектепке барған Azattyq Rýhy тілшісі директормен тілдесе алмады.

Тұрғындардың айтуынша, түске дейін ауданнан келген әкімдік қызметкерлері және құқық қорғау мамандары жергілікті мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесу өткізген.

Ауыл маңында ешқандай да полиция қызметкерлерінің күзеті жоқ. 

Алматы облыстық полиция департаментінің Панфилов аудандық полиция бөлімінің бастығы Жандос Асылбекұлы тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ екенін айтты.

«Осы оқиғаның алдын алу бойынша авто патруль және жаяу патруль күшейтіліп, құқық бұзудың алдын алдық. Қазір ауданда Пенжім ауылдық округін құқықтық қорғауға қатысты профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр. Бәрі тыныш, халықтың қорқуына ешқандай негіз жоқ. Басқа ауданнан келген құқық қызметкерлері жоқ. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деді аудандық полиция бөлімінің бастығы.

Пенжім кентіндегі шаруа қожалығының басқарушы директоры Рахат Баутдиннің айтуынша, түнде көшеде жаппай тәртіпсіздікке 100-ден аса адам қатысқан.

«Оқиға сағат түнгі 12-ге қарай болды. Айналасы 10-15 минуттың ішінде трактор, комбайндардың бәрінің терезелерін шағып, шығып кеткен. Бүкіл ауданның жүгері оратын техникасы тұратын жер еді ғой. Күзетшілерді полиция қызметкерлері алып кеткен. Көшеде жүзден аса бала тас атып, бәрін қиратып жүрді. Жан керек болған соң, қаштық. Қайтадан бері келейік десек, жолдың бәрін қоршап тастаған», - деді директор.

Айта кетерлік жайт, 27 қазан күні Пенжім кентінде болған жаппай төбелестен бір оқушы зардап шегіп, үйлер мен көліктер қираған болатын.

Серіктес жаңалықтары