Энергетика министрлігі елорда әуежайындағы авиаотын тапшылығына қатысты жауап берді

Azattyq Rýhy

Ведомство әуежайда туындаған мәселені шешу мақсатында бірқатар шара қабылданды

Фото: newtimes.kz

ҚР Энергетика министрлігі авиаотынмен қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Нұр-Сұлтан қаласының әуежайын авиаотынмен қамтамасыз ету бойынша қазіргі жағдайға қатысты Энергетика министрлігі қыркүйек айының басында әуежайлар мен авиакомпанияларды Павлодар мұнайхимия зауытында жоспарланған жөндеу жұмыстары туралы хабардар. Елордадағы әуежайда туындаған мәселені шешу мақсатында мынадай шаралар қабылданды:

- Қазан айында Мұнай өңдеу зауыттарында қосымша 2000 тонна авиаотын шығарылады, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына қосымша көлем бөлінетін болады;

- Ірі жеткізушілер қарашаға арналған көлемдер бойынша жедел келісімшарттар жасасады және мұнай өңдеу зауыттарынан жөнелтуді жеделдетеді;

- Сондай-ақ, ірі жеткізушілердің бірі Нұр-Сұлтан әуежайына қосымша 700 тонна авиаотын жеткізеді.

Осы орайда, әуежайлар тарапы қажет отын көлемін тек қана ірі емес, сонымен қатар шағын жеткізушілерден коммерциялық бағамен сатып алуы қажет», - деп хабарлады ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы авиажанармай тапшылығынан әуежайдың үздіксіз жұмысы тоқтауы мүмкін деп дабыл қаққан болатын.

«Биылғы қыркүйек және қазан айларында Қазақстанда отын тапшылығына байланысты күрделі жағдай байқалды. Қазақстанның ірі ресурс ұстаушылары мен жеткізушілері авиаотынды уақытылы жеткізе алмай отыр, бұл қазіргі уақытта әуежайдың өңірлік көлік торабы ретінде қалыпты жұмыс істеуіне кері әсерін тигізуде. Мәселен, қазір Ресей Федерациясының өнім жеткізушілері бірқатар себептерге, оның ішінде ішкі сұраныстың артуына байланысты Қазақстанға авиаотын жеткізуден бас тартты», - деді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз хатшысы Әнуар Шалекенов.  

Ол сондай-ақ Нұр-Сұлтан әуежайы авиаотын жеткізу туралы қатаң келісімшарттардың жоқтығын, сондай-ақ отынның қажетті көлемінің жеткізілмеуінен болған қиын жағдайды және әуежайдағы бар резервтің іс жүзінде жұмсалғанын ескеріп, жолаушылардан алдағы уақыттарда болуы ықтимал проблемаларға түсіністікпен қарауды сұрайды.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.