СҚО-да заңсыз сатылған 758 пиротехника өнімі тәркіленді
Облыста лицензиясы жоқ пиротехникалық өнімді саудадан алу мақсатында рейд жүргізілді
Солтүстік Қазақстан облысында «Пиротехника» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында заңсыз саудадан 758 пиротехника өнімі алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
100-ге жуық тәртіп сақшысы мен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері «Пиротехника» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында облыс бойынша кезекшілік атқарып, лицензиясы жоқ пиротехникалық өнімді саудадан алу үшін рейд жүргізген.
«Отшашулар әдемі болғанымен, қауіпті. Алайда мерекелік көңіл-күймен жүріп, көпшілік қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығарып жатады. Оқыс жағдайларды болдырмау үшін жедел-алдын алу іс-шараларын өткіземіз. Пиротехника өнімінде міндетті түрде қолдану нұсқаулығы мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Бұдан басқа нұсқаулықта қалай пайдалану, іске қосу және сақтау сияқты мәліметтер көрсетілгені жөн», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының өкілдері.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, құқықбұзушылықтардың басым бөлігі облыс орталығында тіркелетіндіктен, «Пиротехника» іс-шарасы барысында Петропавл қаласының тәртіп сақшылары мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне негізгі күш түседі.
Науқан басталғалы 80-нен астам тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 15 әкімшілік хаттама толтырылып, рұқсат қағазы жоқ 758 пиротехникалық өнім тәркіленді. Іс-шара 4 қаңтарға дейін жалғаспақ.