«Даму» қоры құрылғалы ширек ғасырға жуық уақыт болды
Мемлекеттен субсидия алғандар арасында қаржыны басқа мақсатқа жұмсайтын азаматтар аз емес. «Даму» қоры ШОБ қолдауға қаржы бергенмен, жылына 100-ге жуық адам қайтарымсыз қаражатты басқа мақсатта жұмсап жібереді екен. Ал тиімсіз таратылған теңгенің көлемін қор басшылары ашық айтпай отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Осы жылдың 9 айында қор 1,7 трлн теңгені құрайтын несие сомасына 33,2 мың жобаны қаржыландырған. Ал Қазақстан Үкіметі бекіткен дағдарысқа қарсы шаралар негізінде экономикалық зардап шеккен 19,5 мың кәсіпкерді қолдауға қор арқылы 17 млрд теңгенің субсидиясы беріліпті. Жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнімі, жиһаз және технология шығару салаларына көп көңіл бөлінген. «Даму» қоры құрылғалы ширек ғасырға жуық уақыт болған. Осы аралықта 139,9 мың ШОБ жобасын қолдауға 8,2 трлн теңге беріліпті.
Бірақ триллиондаған қаржы бөлінсе де нарықтың қай саласында да импорттық өнімдердің үлесі әлі де басым.
«Бизнестің жол картасы» өндірістің өте маңызды саласына ғана бағытталған. Жеңіл өнеркәсіп пен ауыр өндіріске қолдау көрсетілді. Пандемия басталғанда Үкіметтің тапсырмасына сай өндірістің барлық саласына көмек көрсету керек болды. Сондықтан саудамен, өндіріспен айналысатын кәсіпкерлер көп көмек алды. Субсидияны теріс мақсатқа жұмсайтындардың саны жылына жүзден аспайды. Бұл аса көп емес. Жеңілдікпен қаржы алғысы келетін кәсіпкерлерге талапты да азайттық. Өндіріс саласына зерттеу жасадық, 10 жыл бұрын өзіміздің өнімдер ішкі экономиканың 17%-ын құраса, қазір ол 32%-ға жетіп отыр. Түркия, Корея сынды өзге де мемлекеттердің импортына төтеп беру үшін өндірісті 50%-ға жеткізу мақсатымыз бар. ШОБ дамыту – мемлекеттің негізі стратегиясы», - деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Фархат Сәрсекбаев.
Елдегі шағын бизнес саласын қолдау үшін шетелдік ұйымдардан да қаржы тарту көзделген. «Даму» қоры арқылы төмен пайызбен сырттан алынған ақшаның көлемі 1 млрд доллардан асқан. Микро, шағын және орта кәсіпорындарға қаржылай қолдау көрсетуді тағы 10%-ға арттыру жоспарланған. Қор басшыларының сөзінше кәсіп үйренгісі келетін азаматтардың арасында әйелдердің үлесі басым.
«Жеңілдікпен несие алушылардың жартысы – әйелдер қауымы. Бизнеспен айналысатын әйелдердің орташа жасы – 39-40 жас. Қор әйелдердің несие сомасы 1,5 трлн теңге болатын 67 мың жобасына қолдау көрсетті. Шағын кәсіппен айналысқан әйелдер 10 адамды жұмыспен қамтып, жылына 3 млн теңге салық төлеп отыр», - деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Департаментінің директоры Гүлсая Зейнелғабдина.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы