Түрікменстан басшысы Ашхабадта Абайға ескерткіш орнатуды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы толық қолдап, ризашылығын білдірді

Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабадта ұлы Абайға ескерткіш орнату ұсынысын жасады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшыы Берік Уәли Facebook-парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түрікмен елінің басшысы мұндай ұсынысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға мемлекеттік сапары барысында жасады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға мемлекеттік сапары барысында осы елдің көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабадта қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлын ұлықтауға ұсыныс жасады.
Түрікменстан Президентінің пікірінше, Абайдың мүсіні екі халықтың жоғары адамгершілікке негізделген рухани бағдарын, сондай-ақ елдеріміз арасындағы достық пен ынтымақтастықтың шынайы көрінісін айғақтайды», - деп жазады Б.Уәли.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы толық қолдап, ризашылығын білдірген.
«Абайдың қасиетті түрікмен жерінде ұлықталуы – барша қазақ халқы үшін ақжолтай жаңалық», – деді Қазақстан басшысы.