Биыл байланыс операторларына 92 млн теңге көлемінде айыппұл салынды – Бағдат Мусин

Автор: Azattyq Rýhy

Шалғай ауылдардағы интернет мәселесі де оң шешімін таппай келеді

Фото ашық дереккөзден

2020 жылы ЦДИАӨМ ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету үшін екі ауқымды жобаны іске асырды. Оның нәтижелері туралы ведомство басшысы Бағдат Мусин Мәжілістің Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ауылға ТОБЖ» жобасы аясында еліміздің 1257 ауылындағы 3718 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымдар интернетпен қамтамасыз етілді. 20 000 шақырым жерге талшықты-оптикалық байланыс желілері өткізілді. Қазақстанның 6459 елді мекенінің 5214 ауылы, 88 қаласы және 30 қала үлгісіндегі кенті Интернетке кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етілген», - деді Мусин.

Десе де, шалғай ауылдардағы интернет мәселесі де оң шешімін таппай келеді. Бұл тұста министрлік те бірқатар елді мекенде интернет сапасына қатысты проблемалардың анықталғанын алға тартып отыр. 

«Осыған байланысты жылдамдық пен сапаны арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде: FWA технологиясын 3G/4G ауыстыру және интернет сапасын жақсарту (2G – 3G/4G ауыстыру) белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда 2021 жылға жоспарланған 621 елді мекеннің 502-сінің сапасы жақсарды», - деді министр.

Бұл тұста 1 178 елді мекеннің 127 мың тұрғыны әлі де мобильді интернетке қол жеткізе алмай отыр. Алайда 561 ауыл 2024 жылға дейінгі кезеңде салық жеңілдіктері есебінен байланыс операторларымен КЖҚ қамтамасыз етілетін болады.

Сондай-ақ, мінберде сөз сөйлеген министр Мусин байланыс сапасын бақылау аясында ұялы байланыс операторлары сапасыз қызмет көрсеткен жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтты. Осылайша 2021 жылдың басынан бері 408 тексеру жүргізіліп, 92,1 млн теңге сомасына айыппұл салынды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан