Президенттің сынынан кейін Алматының Білім басқармасына жаңа басшы тағайындалды
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мектептерінде 30 мыңдай орынның жетіспейтінін айтқан болатын

Алматы қалалық Білім басқармасын Ләззат Жылқыбаева басқаратын болды. Бұған дейін ол аталған басқармада ұзақ уақыт қызмет еткен.
Еске салайық, биыл қазан айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мектептерінде 30 мыңдай орынның жетіспейтінін, бастауыш бір сыныпта 40 балаға дейін оқитынын, ал, №173 мектепте тіпті, 50 баланың бір кабинетте отырып сабақ өтетінін айтқан болатын. Сол кездегі қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлнар Хожабергенова арнайы брифинг өткізіп, Президенттің сөзін жоққа шығарған.
«Президенттің жұмыс сапарынан кейін мектептерге сұрау салдым. Ондай ақпарат расталған жоқ. Бір мектептің екінші сыныбында 44 бала болған, одан көп емес. Сондықтан бұл ақпараттың Президент әкімшілігіне қайдан түскенін білмеймін», - деген еді.
Арада аз уақыт өткен соң Гүлнар Хожабергенова қызметінен кетті. Ол қазір қаладағы колледждердің бірінде директор қызметін атқаруда.
Ал, басқармаға бүгін тағайындалған Ләззат Әуесханқызы педагогика саласында ширек ғасырдай еңбек етіп, 2005 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істеп келеді. Соңғы үш жылда осы Білім басқармасы басшысының орынбасары болған.
Ләззат Жылқыбаеваның сөзінше, қазіргі уақытта Алматыда 818 мектепке дейінгі мекеме, 259 мектеп, 81 колледж, сонымен қатар, 20 қосымша білім беру ұйымдары бар. Білім беру орталықтарында 300 мың оқушы білім алса, балабақшаларда 69 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы