«Дара тұлға»: Бекзат Саттарханов туралы күй шықты
Бүгін - Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың қайтқан күні
Бүгін бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, қыршын кеткен қазақтың талантты ұлы Бекзат Саттархановтың өмірден өткеніне тура 19 жыл толды. 2000 жылы спортшы Түркістан облысының Темірлан елді мекені маңында жол апатынан қаза тауып еді.
Белгілі композитор Шолпан Қорғанбек спортшыға арнап «Дара тұлға» атты күй шығарды. Туындыда Бекзат Саттархановтың өмірі, жетістігі, жұлдызды сәттері домбыра үнімен баяндалады.
«Бекзаттың өзі өмірден өтсе де, батырлығымен, адами асыл қасиетімен, ақыл-парасатымен ел есінде қалды. Бекзатқа күй шығару туралы ой ол туралы кино көріп отырғанда келді. Оның өмірге деген құштарлығы мені қатты толғандырды», - дейді композитор күйдің шығу тарихы туралы.
Күйді орындаған Нұр - Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы. Шығармашылық топ қазіргі уақытта Қытай, Түркия, АҚШ, Ресей, Иордания, т.б. мемлекеттердің сахналарында өнер көрсетіп жүр. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран при иегері.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан