1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Қазақстанның жаңа астанасы «әлем қаласы» атағына ие болды
24 жыл бұрын, 1997 жылғы 20 қазанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмоланы республиканың астанасы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты
«Бұл тарихи құжат осындай қысқа мерзім ішінде өзін әлемдік аренада геосаяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени үдерістердің гүлденген орталығы ретінде жариялаған шағын қалашықтың өркендеген мегаполиске айналуына жол ашты.
Ресми түрде Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстанның астанасы болды. Ал 1998 жылдың маусым айында еліміздің жаңа астанасының ресми тұсаукесері өтті», - делінген әкімдік хабарламасында.
Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылы жарық көрген «Еуразия жүрегінде» атты кітабында Елбасы астананы көшіру және елдің бас қаласы ретінде Ақмоланы таңдау себептері туралы әңгімеледі.
«Жаңа астананы іріктеудің барлық критерийі негізінде Тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру мүмкіндігі басым болды. 1994 жылғы шілдеде елорданы 1000 шақырымнан астам солтүстікке, далалы Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылданды... Ақмола Қазақстанның географиялық орталығына, Қазақстан экономикасының жетекші және қарқынды өсу нүктелері болып саналатын маңызды шаруашылық өңірлеріне жақын орналасқан. Қала ірі көлік магистральдарының қиылысында орналасқан және осыған байланысты еліміздің барлық өңірімен байланысқан. Сонымен қатар, қала Қазақстан үшін көптеген шет елдерге шығудың ең оңай жолы болып саналатын трансеуразиялық магистральдардың жанында орналасқан», - делінген кітапта.
Елбасының ақпараты бойынша, елорданы көшіру туралы шешім қабылданған сәтте Ақмола тұрғындарының саны 290 мың адам болатын. Осы жылдар ішінде өсім миллионға жуық болды, ал қазіргі Нұр-Сұлтанда 1 млн 200 мыңнан астам азамат тұрады.
1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Қазақстанның жаңа астанасы «әлем қаласы» атағына ие болды.
«Жыл сайын қалада тұрғын үй, әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының қарқыны артып келеді. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2025 жылға дейін елордада 50 мың әлеуметтік пәтер, білім беру, медицина, спорт және т.б. нысандар салу жоспарланған», - делінген ведомство хабарламасында.