Республикалық бюджет 2022 жылға 13 трлн теңге көлемінде болжанып отыр
Алдағы екі жылға бекітілген бюджет қаражаты есебінен ұстаздар мен дәрігерлердің айлығы көтеріледі деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев депутаттардан «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын қолдауды сұрады.
Республикалық бюджет түсімдері осы жылдың жоспарына қарағанда 432 млрд теңгеге ұлғая отырып, 2022 жылға 13 трлн теңге көлемінде болжанып отыр.
«Мұнайға қатысты емес түсімдердің үлесі биылғы 56,4%-дан 2024 жылға қарай 71,4%-ға дейін өседі деп болжанған. Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімге 3,3%-дан 2024 жылы 2,5%-ға дейін кезең-кезеңмен төмендеумен жоспарланып отыр. Шығыстар келесі жылы 15,9 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы сақталуда. Үш жылдық кезеңде әлеуметтік сала шығыстары 26,7 трлн теңге болады. Оның ішінде 2022 жылы осы жылдың деңгейіне қарағанда 643,2 млрд теңгеге ұлғая отырып, 8,1 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің жалпы көлеміндегі бұл шығыстарының үлесі ендігі жылы 50,8%-ға дейін өседі», − деді министр.
Бюджеттен шығатын шығындардың көп бөлігі әлеуметтік салаға яғни, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік осал топтарға арналған төлемдерге бағытталған.
Денсаулық сақтау саласына 2022-2024 жылдары 5,7 трлн теңге, қарастырылған осы қаражат аясында медицина қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту көзделген. Білім және ғылым жүйесін дамытуға 3 жылға 7 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылға 1,8 трлн теңге көзделген. Бұл биыл бөлінген қаражаттан 477,1 млрд теңгеге артық. Білім беру ұйымдарының педагогтары мен медицина қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге 4,3 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылға 1,1 трлн теңге жоспарланып отыр.
Бұған қоса, «Нұрлы жер», «Нұрлы Жол», «Бизнестің жол картасы-2025», «Агроөнеркәсіп кешені» және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға шығыстар көзделген. Олар біртіндеп ұлттық жобаларға ұласатын болады.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан