Бұған дейін Bek Air әуе компаниясының басшылығы ұшақ апатына Алматы әуежайын кінәлап, әуе кемелерінің ұшып шығу аралығындағы интервал сақталмағанын айтты
«Қазаэронавигация» РМК Алматы маңындағы Bek Air әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатына байланысты ақпарат таратты.
Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік мекеме Bek Air ұшағының бұрын ұшып шыққан әуе кемесінің бағыттас ізіне түсіп кеткені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды деп есептейді. Мекеме хабарламасында ұшақтардың ұшып шығу аралығында барлық ереже сақталғаны айтылады. Яғни, стандартқа сәйкес, Fokker-100 мен Airbus A321 әуе кемелерінің ұшып шығу аралығы 2 минут болған.
«Алайда жоғарыда аталған әрі шындыққа жанаспайтын ақпаратты оқи отырып, келесіні баяндаймыз: Fokker-100 әуе кемесі және оның алдында ұшып кеткен Airbus A321 ұшағы 136 тонналық салмақты көтере алады. Тиісінше, орта деңгейдегі әуе кемесі саналады. 2011 жылдың 16 мамырындағы Көлік және коммуниция министрінің Әуе қозғалысына қызмет көрсетуді ұйымдастыру туралы №279 Нұсқаулығының 186-бөлігінде көрсетілгендей, бір ұшу-қону жолағынан орта деңгейдегі әуе кемелерінің минималды ұшып шығу бойынша уақыт аралығы 1 минутты құрайды», - делінген хабарламада.