Мекеме бірнеше істе ақы алды деп айыпталады
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Жетісу филиалына 1,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұдан бұрын, «Бірлік газ» қауымдастығының өтініші бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының атына шағым түседі. Аталған мекеме тұтынушыларды газбен жабдықтау желілеріне қосу мерзімін бұзу тәжірибесін тоқтату және қосымша материалдарды талап ете отырып, газбен жабдықтау желілеріне қосудан бас тарту, сондай-ақ газбен жабдықтау желілеріне қосқаны және есептеу аспаптарын пломбалағаны үшін ақы алды деп айыпталады.
Бірақ компанияның өзі бұл уәжбен келіспей, облыстық сотқа осы нұсқаманың күшін жою туралы арыз береді. Нәтижесінде Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 13 қаңтардағы шешімімен ұйғарымның күші жойылды. Бұл жағдайдан кейін Департамент бірінші сатыдағы сот шешімімен келіспей, Алматы облыстық сотына апелляциялық шағым түсіреді.
Сөйтіп, Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылады.
Артынша, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ облыстық соттың 2021 жылғы 27 сәуірдегі қаулысымен келіспей, биыл 11 мамырда облыстық соттың қаулысын Жоғарғы Сотының азаматтық алқасына қайта қарау туралы өтінішхат жібереді. Бұл өтінішті Жоғары сот ҚР ҚК азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарауға беруден бас тартады.
Осылайша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалады. Соттың 2021 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысы бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Жетісу филиалы 1 458 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұлға тартылды.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы