Бүгіннен бастап медицина қызметкерлеріне коронавирусқа байланысты үстемеақы төленбейді

Автор: Azattyq Rýhy

1 тамыздан бастап 1 қазанға дейін медқызметкерлерге берілетін үстемеақы екі есе қысқарған болатын

Фото: ашық дереккөзден

Бүгіннен, яғни 1 қазаннан бастап қазақстандық медицина қызметкерлеріне Covid-19-бен күреске байланысты үстеме ақы төленбейді, деп хабарлайды Elorda.info.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлер мен аяжандарға төленетін үстемеақының уақытша шара екенін шілдеде айтқан-ды. Вакцинациялау деңгейі өскен сайын елдегі үстемеақы да қысқарып, оның орнын психикалық және физикалық жүктеме үшін берілетін тұрақты төлемдер ауыстыратынын жеткізген. Тамыз айының соңында Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирусқа қарсы күресіп жатқан медицина қызметкерлерін қаржылай қолдауды реттейтін бұйрығы күшіне енді. 

Естеріңізге сала кетсек, 1 тамыздан бастап 1 қазанға дейін медқызметкерлерге берілетін үстемеақы екі есе қысқарған болатын:

бірінші қатер тобы (өте қауіпті) үшін – 425 мың теңгеге дейін (1 тамызға дейін 850 мың теңгеге дейін төлейтін);

екінші қатер тобы (қауіптілігі жоғары) үшін – 212 500 теңгеге дейін (1 тамызға дейін 425 мың теңгеге дейін төлейтін);

үшінші қатер тобы (қауіптілігі орташа) үшін – 106 250 теңгеге дейін (1 тамызға дейін 212 500 теңгеге дейін төлейтін);

Медқызметкерлерді коронавирус кезінде қаржылық қолдау 2020 жылғы сәуірде басталған-ды.